Асқар Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық қазақ
драма театрының тарихы
Кәсіпорынның толық атауы: Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының «Асқар Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық қазақ драма театры» коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны.
Мекен-жайы: Қазақстан Республикасы, Жамбыл облысы, Тараз қаласы, Абай даңғылы, 115
Қабылдау бөлімі: 8 (7262) 45-29-68
Кәсіпорынның құрылған жылы: 1936 жыл
Ғимараттың салынған жылы: 1965 жыл
Ғимараттың алаңы: 5 842,30 м2
Биыл республикамыздың театр өнері саласында өзіндік орны, бай шежіресі мен терең тарихы бар театрымыз өзінің 90 жылдық және қазақтың тұңғыш кәсіби режиссері, актер, профессор, Қазақстанның халық артисі Асқар Тоқпановтың 110 жылдық мерейтойын тойлауды жоспарлауда.
90 жыл — айтуға жеңіл болғанымен мазмұны кітапқа сыйғысыз қаншама ғұмыр жатыр десеңізші?! Қаншама аға буындар ауысты. Қаншама бейнелер сахналанып,қаншама тер төгілді. «Тоқсан жыл» десе, көз алдыңнан кино тізбегіндей, бүкіл бір толық тарих баян бергендей әсерде қаласыз. Бұл театрға кімдер келіп, кімдер кетпеді? Әр қайсысы бір-бір кітап. Режиссерлер, актерлер, драматургтер, сыншылар, т.б. Сахнада небір пьесалар, характерлер, образдар, сюжеттер, композициялар, инсценировкалар, жанрлар жол тапты. Олардың да жетістіктері мен кемшіліктері болмады емес, болды. Тарих қойнауына айналды.
Жамбыл облыстық қазақ драма театрының шымылдығы 1936 жылы 16 наурыз күні Бейімбет Майлиннің «Келін мен шешей» және театрдың тұңғыш директоры Қ.Қырқымбаевтың «Келіншек» атты бір бөлімді комедиясымен ашылды.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 20 ақпандағы № 70 Қаулысымен театрға қазақтан шыққан тұңғыш кәсіби режиссер, қазақ театр өнері педагогикасының негізін қалаушы, актер, көрнекті ұстаз, профессор, Қазақстанның халық артисі Асқар Тоқпановтың есімі берілді.
Театрдың тұңғыш директорлары қызметін — Қасым Қырқымбаев, Тәжімет Әлмұхамедовтер болса, театр ұжымын одан беріде 1940-1990 жылдары Сәдуақас Ирғалиев, Әбіл Төлебаев,Тұрар Дүйсебаев, Әлібек Әмзеұлы, Шопан Кәрібаев, Атахан Апсаматовтар басқарды.
Театрдың негізін қалаған алғашқы труппасында Шәріпбай Сәкиев, Сәти Үмбетбаев, Сатылған Атамқұлов, Мұхаметқали Табанов, Молдаш Сәкиев, Тұраш Әбуов сынды дарынды өнер иелері қызмет еткен.
Театрдың көркемдік жетекшісі, бас режиссер болып А.Майтанов, Р.Әбдірахманов (1936-1938ж), Ж.Арғынбаев (1938-1940ж) Ә.Ордабаев (1940-1941ж) Б. Аронович Лурье (1941-1945), Ғ.Хайруллина (1946-1952ж) Т.Дүйсебаев (1952-1955ж), Т.Ерғалиев (1956-1961), Мен Дон Ук (1961-1963ж), Р.Шарафутдинова (1964-1968ж),О.Алтынбек (1966 – 1969), А.Тоқпанов (1969-1972ж), Ж.Омаров (1972-1973ж), М.Байсеркенов (1972-1976ж), А.Сәлімбаев (1976-1982ж), Е.Оразымбетов (1982-1987ж), А.Дүйсебаев (1989-1994ж), О. Кенебаевтар (1995-1998ж) еңбек етті.
Сондай-ақ, әр жылдары көптеген белгілі режиссерлардың айшықты қолтаңбалары қалған.Олардың қатарында қазақтың беткеұстар өнер дарабоздары Әзірбайжан Мәмбетов, Асқар Тоқпанов,Тұңғышбай Жаманқұлов, Есмұхан Обаев, Маман Байсеркенов, Жақып Омаров, Ерғали Оразымбетов, Тұрар Дүйсебаев, Оразхан Кенебаев, Қуандық Қасымов, Нұрқанат Жақыпбаев, белгілі қырғыз режиссері Бообек Ибраев, Әскер Құлданов, Шопан Кәрібаев, Тастан Өтебаев, Мұрат Бекхожин, Алтынбек Оңалбаев, Мұрат Ахманов, Болат Ұзақов, Рүстем Жаныаманов, Гүлсина Мирғалиева, Нұрбек Урматжанулы, Мұқанғали Томанов, Аридаш Оспанбаева, Мейрам Хабибуллин және басқа да көптеген режиссерларды атауға болады.
Театрдың қазіргі директоры – ҚР Мәдениет саласының үздігі — Ақылдос Тәжиев. Ал театрдың көркемдік жетекшісі – актриса, ҚР Мәдениет саласының үздігі — Анар Сағымбекова.
Театр тарихында талантты сахна шеберлері Қали Қасымбеков, Фатима Нұрымова, Күләш Сәкиева, Жамал Шәймерденова, Шаймұрат Халықов, Маутай Жұмағұлов, Тұрар Ізбасаров тағы басқалардың еңбегі де ұмытылмақ емес. Бүгінгі таңда зейнеткер актрисалар Күлпаршын Өскенбаева, Әтіркүл Дүйсекенова, Мәкен Райысханова, Несіпкүл Омарбековалардың да өз қолтаңбалары бар.
Бір ғасырлық терең тарихы бар өнерордасының бүгінгі ағымдағы репертуарында 30-н аса қойылым болса, оның ішінде өз еліміздің және шетел классиктерінің жұртшылыққа кеңінен танымал У.Шекспирдің «Гамлет», Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш—Баян сұлу», А.Бекбосынұлының «Домалақ ене», Е.Әлімжанның «Абылай», И.Ғайыптың «Жамбылдың Қызыл жолбарысы», Қ.Шаңғытбаев пен Қ.Байсейітовтің «Беу, қыздар-ай!», М.Байғұттың «Асқаровтың ақ қайыңдары», Б.Бекжановтың «Айша бибі», И.Сапарбайдың «Сыған серенадасы», Б.Жакиевтің «Жүрейікші, жүрек ауыртпай» сияқты туындыларымен қатар, бүгінгі күн тақырыбындағы С.Құдайбергеннің «Періште қонған үй», Қ.Мұраттың «Мұғалім», С.Пірмановтың «Ұлт Ұстазы», Қ.Қасымовтың «Шер-Хан», Ш.Айтматовтың «Жәмилә», Ә.Оразбековтің «Соқыр үміт», Р.Отарбаевтың «Құсалық», Р.Мұқанованың «Мәңгілік бала бейне», Б.Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа», М.Дулатұлының «Бақытсыз Жамал» атты спектакльдері мен тарихи тақырыптардағы көптеген шығармалары бар.
Театр жетістіктері
Асқар Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық қазақ драма театры әлемдік және ұлттық классиканың таңдаулы туындылары мен әртүрлі жанрдағы жаңа шығармаларды сахналап, театрдың көркемдік қызметі мен репертуарының жақсаруына елеулі үлестерін қосты. Атап айтар болсақ,
1957 жылы республикада тұңғыш рет «Театр көктемі» атты республикалық байқауға К.Гольдонидың «Екі мырзаға бір қызметші»(қоюшы-режиссері Ә.Мәмбетов) спектаклімен қатынасып, I дәрежелі дипломмен марапатталды.
1958 жылы Москвада өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігінде жамбылдық актер Шәріпбай Сәкиев қазақ мемлекеттік академиялық драма театры құрамында М.Әуезовтың «Еңлік-Кебек» спектакліндегі Еспембет рөлін сомдап, облыс театрының мәртебесін биікке көтерді.
1963 жылы Шәріпбай Сәкиев Ш.Қиямовтың «Жүрекке жүрек тіл қатар» спектакліндегі Құлназар ролі үшін, 1964 жылы Алтын Ружева А.Островскйдің «Жазықсыздан жапа» спектакліндегі Кручинаның ролі үшін республикалық театр фестивалінің лауреаттары атанды.
1964 жылы Мұхаметқали Табанов, 1965 жылы Гүлжамал Батырғалиевалар Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген артисі атақтарына ие болды.
1966 жылы облыстық қазақ драма театрының 30жылдығына байланысты Ш.Сәкиев Қазақ ССР-нің халық артисі, А.Ружева, Мақсұт Салықов Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген артисі, грим шебері С.Г.Поплавский Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген мәдениет қызметкері атанды. Театр директоры Ә.Төлебаев «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен, театр ұжымы Қазақ ССР Жоғарғы Советінің Құрмет грамотасымен марапатталды .
1968 жылы Ш.Айтматовтың «Бірінші мұғалім» спектакліндегі Дүйсен ролі үшін актер Әлібек Әмзеев республикалық театр фестивалінің лауреаты атанды.
1970 жылы Н.Погодиннің «Кремль куранттары» спектаклі үшін театр ұжымы драма театрларының республикалық байқауының II дәрежелі дипломымен, С.Рақышев лауреаттық, Забелин ролі үшін М.Салықов II дәрежелі, дипломымен марапатталды. М.Әуезов пен Л.Соболевтің «Абай» спектаклі өмірге келді.
1972 жылы С.Жүнісовтың «Ажар мен ажал» спктакліндегі Ажар ролі үшін Рахима Тезекбаева Қазақстан театрлары жастар шығармашылығы I республикалық байқауының II дәрежелі дипломымен марапатталды.
1975 жылы Ұлы Отан соғысының 30 жылдығына арналған Бүкілодақтық театр фестиваліне Ғ.Мүсіреповтің «Қазақ солдаты» спектаклімен қатынасып, дипломант атанды және сол жылы СССР мәдениет министрлігінің дипломына ие болды. Театр ұжымы С.Жүнісовтың «Жаралы гүлдер» спектаклімен жас орындаушылардың республикалық байқауының II дәрежелі дипломын еншіледі.
1976 жылы М.Шолоховтың «Тынық Дон» эпопеясын Қазақстанда тұңғыш рет сахналап, республика театр өнеріне жаңалық әкелді. Бұлардан басқа Ш.Айтматовтың «Ана-Жер-Ана», «Бетпе-бет» спектаклдері дүниеге келді.
1976 жылы М.Шолоховтың «Тынық Донында» Григорий, В.Шекспирдің «Отеллосында» Отелло ролдерін тамаша сомдаған Қарабай Сатқанбаев 1994 жылы Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген артисі атанды.Театр сыншысы Яхия Шынасылұлы Ш.Сәкиевтің өмірі жайлы «Мәртебе» атты кітап жазды.
1976 жылы театрдың 40 жылдығына байланысты А.Ружева Қазақ ССР-нің халық артисі, Жорабек Шүленбаев пен Оразғали Әбділманов Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген артисі,Т.Дүйсебаев Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген мәдениет қызметкері атанды. М.Рақымжанова «Құрмет белгісі» орденінің иегері болды. Ә.Әмзеев пен Г.Өскенбаева Қазақ ССР Жоғарғы Советінің Құрмет грамотасымен марапатталды.
1980 жылы Ә.Қалдыбаевтың «Шаншар атай» атты спектаклі үшін балалар мен жасөспірімдерге арналған Бүкілодақтық байқауда I дәрежелі дипломға ие болды.Ал 1981 жылы 21 мамырда республиканың театр өнерін дамытуға сіңірген еңбегі үшін театр ұжымына Қазақ ССР-і Жоғары Советінің Құрмет грамотасы табыс етілді.
Театр сахнасында А.Чеховтың «Иванов», Б.Әбілдаевтың «Айша бибі», Ш.Мұртазаның «Сталинге хат» спектаклдері қойылып, көрермендер ықыласына бөленді. В.Шацковтың «Волоколам тас жолы» спектакліндегі Бауыржан Момышұлы ролі үшін Жұмахан Әбдіқадыров республикалық «Жігер» фестивалінің лауреаты болды. Ал, Г.Боровиктің «Буэнос-Айрестегі интервью» спектаклі үшін театр ұжымы республикалық аймақтық жастар фестивалінің жеңімпазы атанды. В.Шекспирдің «Дуалы түнгі думан» спектаклі театр өнеріне жас көрермендерді қызықтыра білді. Театр суретшісі А.Воложанкиннің «Буэнос-Айрестегі интервью» спектакліне жасаған эскиздері Москвадағы халық шаруашылығы жетістіктерінің Бүкілодақтық көрмесіне алынды. Театр ұжымы II республикалық жастар шығырмашылығы байқауының III дәрежелі дипломымен марапатталды.
1986 жылы театрдың 50 жылдығына байланысты Әтіркүл Дүйсекенова, Гүлбаршын Өскенбаева, Мәкен Рахымжановалар Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген артисі құрметті атақтарына ие болып, театр ұжымы Қазақ ССР-і Жоғарғы Советінің Құрмет грамотасымен марапатталды.
1996 жылы театрдың 60 жылдығына байланысты Мәкен Рахымжанова Қазақстанның халық артисі, суретші Владимир Александрович Воложанкин Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері атанды.
Абайдың 150 жылдығына арналған республикалық театр фестивалінде Иран-Ғайыптың «Мен ішпеген у бар ма?» спектакліндегі Абай бейнесін сомдаған Спандияр Мұқышев фестивалдің күміс белгісі жүлдесін иеленді.
1997 жылы театр ұжымы Ү республикалық театр фестиваліне М.Әуезовтің «Қара қыпшақ Қобыланды» спектаклімен қатынасып, бас жүлде – Гран-приді жеңіп алды.
1998 жылы Тараз қаласының 2000 жылдығына арналған ҮІ республикалық театр фестивалі Жамбыл олысында өткізіліп, театр ұжымы М.Байжиевтің «Құдалар» трагикомедиясын сахналап, «Үміт» жүлдесіне ие болды. Сахна шебері Майра Әлімбетова осы жылы Қазақстанның еңбек сіңірген артисі құрметті атағына қол жеткізді.
1999 жылы театр ұжымы ғұлама М.Х. Дулатидің 500 жылдығы құрметіне Б.Әбілдаевтың «Мырза Мұхамед Хайдар», Б.Момышұлының 90 жылдығына байланысты Шерхан Мұртазаның «Ноқтаға басы сыймаған» спектаклдерін сахналады.
Қырғызстанның астанасы Бішкек қаласында «Ш.Айтматов және театр» атты халықаралық театр фестивалінде Жамбыл облыстық қазақ драма театры республика театрлары атынан Ш.Айтматов пен М.Шахановтың «Сократ түні» атты заманауи драмасымен қатысып, төрт номинацияны жеңіп алды. Осылайша, Орта Азия республикалары театр өкілдерін таң қалдырды. «Ең үздік режиссура» номинациясы бойынша Қ.Қасымов, «Ең үздік әйел бейнесі» Г.Қыпшақова, «Ең үздік екінші пландағы роль» номинациясы бойынша С.Мұқышев, «Ең үздік этюд» үшін Ә.Ахмет Халықаралық фестиваль лауреаттары атанды
2000 жылы актриса Г.Қыпшақова ҚР Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталса, сахна шебері С.Мұқышев «Құрмет» орденінің иегері атанды.
2001 жылы бас режиссер Қ.Қасымов ҚР Тәуелсіздігінің 10 жылдығы мерекелік медалімен марапатталды.
2002 жылы 17-19 қазанда Шымкентте өткен драматург Д.Исабековтің шығармашылығына арналған халықаралық театр фестиваліне «Пері мен періште» мелодрамасын тарту етіп, басты бейне-Құлахмет ролі үшін сахна шебері Үмбетәлі Әлжанов лауреат атанды, театр ұжымы «Сәтті актерлік ансамбль» номинациясы бойынша дипломға ие болды.
Театр сыншысы Яхия Шынасылұлы Тараз қаласының 2000 жылдығы құрметіне облыс театры тарихы жайлы «Өмір және өнер» атты кітап тарту етті, ал Ү.Әлжанов «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.
2003 жылы 14-21 мамырда Алматы қаласында өткен республикалық балалар мен жастарға арналған театр фестивалінде Жақып Омаровтың «Құлыншақ пен бөлтірік» ертегі -фантазиясы үшін Маржан Ахметова, Жер-ана ролі үшін Гүлшат Қыпшақова фестиваль лауреаттары атанса, театр ұжымы фестивальдің 1-орынын иеленді. Осы жылдың 15-22 маусым аралығында Бішкекте өткен Орта Азия республикалары мен Ресей театрлары қатынасқан I халықаралық «АРТ-Ордо» фестиваліне Елен Әлімжанның «Жанұран» спектаклімен қатынасып, «Заман талабына үндес қойылым» номинациясы бойынша арнайы дипломмен марапатталды. 20 қыркүйек-2 қазан аралығында Махамбет ақынның 200 жылдығына арналып Орал қаласында өткізілген ХІ-ші республикалық театр фестиваліне Әлібек Әмзеұлы «Кейуана» Қали ролін сомдаған Анар Сағымбекова «Ең үздік әйел бейнесі» номинациясы бойынша лауреат атанды.
2004 жылдың қорытындысында Қазақ-швейцар саммиті ұйымдастыру комитеті мен Женевадағы жоғары бизнес және Басқару институтының Сараптама кеңесінің шешімі бойынша іскерлік беделі үшін Жамбыл облыстық қазақ драма театры Алтын медальмен марапатталды. Бұл театрдың белсенді жұмысына берілген жоғары баға болып табылады.
2005 жылы Қызылордада өткен ХІІІ республикалық театр фестивалінде Г.Гориннің «Атың өшсін Герострат!» трагикомедиясы үшін Н.Бекежанов атындағы тағайындалған арнайы жүлдені жеңіп алды.
2005 жылы Қарағанды облысының көрермендеріне 5 спектакль ұсынып, театраралық өнер байланысын нығайтуға қол жеткізді.Француз классигі Жан-Батист Мольердің «Бәледен құтылдың, медицина!» (қоюшы-режиссері М.Ахманов) спектаклінде басты кекйіпкер Сганарельді А.Сәтібеков, Жеронтты С.Мұқышев, Мартинаны М.Әлімбетова, Жаклинаны Г.Қыпшақова шынайы сомдай білді. Ал өзбек драматургы Е.Уахитовтың «Алтын дуал» комедиясында (қоюшы-режиссері Қ.Қасымов) Момыынды С.Мұқышев, Әбдісаламды Ж.Әйтпенбетов, Хадишаны М.Рахымжанова, Сейітмәлікті А.Сәтібеков, Ділназды А.Сағымбекова сәтті шығарды.
2006 жылы театр ұжымы 70 жылдық мерекесін республикалық дәрежеде лайықты атап өтті, халықаралық дәрежедегі ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырды. Театр тарихы туралы С.Пірмановтың «Театр өнер жүрегі» атты кітабі шығарылып, конференцияда талқыланған ой-пікір, ұсыныстар бойынша 500 данамен «Өмір. Театр. Уақыт» атты кітапша жарық көрді. Еліміздің театр өнеріне сіңірген ұзақ жылғы жемісті жұмысы үшін режиссер Қуандық Қасымов «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Облыстық театрдың құрылғанына 70 жыл толуына орай облыс Әкімі Б.Б.Жексембиннің ұйғарымымен театр труппасының гастрольдік сапарына арналған «HUNDAI» шағын автобус көлігі сыйға тартылды.
2006 жылы театрдың бас режиссері Қуандық Қасымов В.Шекспирдің Х.Ерғалиев қазақшалаған «Ричард-ІІІ» трагедиясын сахналап, сахнаға жаңадан бір серпіліс әкелді. Корольдар дәуіріндегі тақ пен тәж үшін көзге көрініп те, көрінбей де жүретін күрес пен тайталас туралы оқиғаларға құрылған спектакльде король Ричардты – Ж.Әлімбеков, король Эдуардты – Ж.Әбдіқадыров, корелева Маргаританы – М.Рахымжанова мен Ш.Жәменкеева, Герцогиния Иоркскаяны – Р.Тезекбаева, корелева Елизаветаны – М.Әлімбетова, граф Ричмондты – М.Ақүрпеков, леди Аннаны – Г.Қыпшақова, герцог Бекингемді – А.Сәтібеков, Лорд мэрді – Қ.Сатқанбаевтар сомдап, король ордасындағы оқиғалар желісінің көрермен жүрегіне жақындай түсуіне, әр кейіпкер образының жете ашылып көрсетілуіне бар күштері мен шеберліктерін жұмсап, осынау классикалық дүниенің биік талғамға сай шығуына ерекше еңбектерін сіңірді.
2006 жылы театрдың 70 жылдық мерейтойына орай, театрдың бас режиссері Қуандық Қасымов «Ерен еңбегі үшін» медалімен және «Қырғызстан Республикасының мәдениет қайраткері» төсбелгісімен марапатталды.
2009 жылы театр ұжымы Қарағанды қаласында Біржан сал Қожағұлұлының туғанына 175 жыл толуына арналған XVII республикалық театр фестиваліне режиссер Қ.Қасымов сахналаған «Қыз Жібек» драма-дастанымен қатысып, «Эпостық тақырыпты сәтті игергені үшін» номинациясы бойынша жүлдегер атанды.
2009 жылдың 10-20 қазаны күндері театр ұжымы өз тарихында тұңғыш рет алыс шет елде өнер көрсету құрметіне ие болып, Мысыр Араб Республикасының астанасы Каир қаласында өткізілген дүниежүзілік эксперименттік театр фестиваліне режиссер Қуандық Қасымов жаңа әдіспен сахналаған «Қыз Жібек» драма-дастанымен қатысып, әлемнің 38 елінен жиналған 60-тан аса театр ұжымдары арасынан дипломант атанып, табысты оралды.
2009 жылы «Қыз Жібек» драмалық дастанының да сахналық сценографиялық үлігісін жаңаша үлгіде нұсқалаған. Осы фестивальде халықаралық Т.Рысқұлов атындағы сыйлығымен режиссер Қ.Қасымов, артист Ж.Әлімбеков пен Грим-суретшісі Қ.Сыдықназарова «АРДАҚ» сыйлығына ие болды.
2009 жылы Ә.Оразбековтың «Бір түп алма ағашы» мелодрамасы мен Б.Ұзақовтың «Жандауа» трагедиясы, И.Сапарбайдың «Сыған серенадасы» музыкалы драмасы мен Ғ.Мүсіреповтың «Қыз Жібек» желісімен режиссер Қ.Қасымов сахналық жүйесін жасап «Қыз Жібек» драма-дастанын көрермендер көз қуанышына айналдырды. Театр ұжымы осы жылы 21-27 қыркүйек аралығында Қарағанды қаласында Біржан сал Қожағұлұлының туғанына 175 жыл толуына арналған ХVІІ республикалық театр фестиваліне «Қыз Жібек» драма-дастанымен қатынасып, «Эпостық тақырыпты сәтті игергені үшін» номинациясы бойынша жүлдегерлер қатарынан орын алды.
2010 жылы театр Ұлы Жеңістің 65 жылдығына және Кеңестер Одағының Батыры Бауыржан Момышұлының 100 жылдығына арналған Республикалық ХVІІІ-ші театр фестивалін абыроймен жоғары дәрежеде өткізді.
2011 жылы 22-23 қарашада театрдың 75 жылдық мерейтойына орай, театр ардагері Нұрсифат Салықова мен Төлентай Жүршиевке ҚР «Мәдениет қайраткері» атағы берілді. Қазақстанның халық артисі М.Рахымжанова, ҚР Мәдениет қайраткерлері Ш.Жәменкеева мен Ж.Әйтпенбетов М.Шолоховтың 100 жылдығына арналған төсбелгімен марапатталды.
2012 жыл театр актрисасы Гүлшат Қыпшақова «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағына ие болды.
2012 жылдың қазан айында жас режиссерлердің Республикалық бірінші «Дебют» фестивалінде Жамбыл облыстық қазақ драма театры жас режисер Рүстем Жаныаманов сахналаған Д.Фоның «Байы бар, басы бос» трагикомедиясымен қатысып, Гран-при номинациясын жеңіп алды.
2013 жылы шілде айында Польша елінің Варшава қаласында өткен Жамбыл облысының мәдени күндеріне театр ұжымы Б.Әбілдаевтың «Айша Бибі» драмасымен қатысып, табысты оралды.
2013 жылы театр «Тұңғышбай Әл-Тарази Таразға шақырады» атты халықаралық театр фестиваліне К.Касеновтің «Рахмет сізге!» мультимедиялық спектаклімен қатысып, бас жүлдені жеңіп алды.
2013 жылы қыркүйек айында театр артисі Құрақ Оразбаев театр өнерінің дамуына қосқан ұзақ жылғы актерлік қызметі үшін «Мәдениет саласының үздігі» белгісімен марапатталды.
2013 жылы желтоқсан айында театр артисі Жүніс Әлімбеков театр өнерінің дамуына қосқан ұзақ жылғы актерлік қызметі үшін «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.
2014 жылы театрдың шығармашылық тобы ҚР Мәдениет министірлігінің 2014 жылға арналған кешенді жоспары аясында Астана қаласында өткен мәдени шараға Ш.Мұртазаның «Домалақ ана» драмасымен және «Музей түні» театрландырылған бағдарламасымен қатысып, зор табысқа қол жеткізді.
2014 жылы театрда «Тұңғышбай Әл-Тарази Таразға шақырады» атты фестиваль халықаралық дәрежеде ұйымдастырылды. Оған Тәжікстан, Қырғызстан, Өзбекстан және республикамыздың белді театр ұжымдары қатысты.
2014 жылы желтоқсан айында театрдың қоюшы-режиссері А.Баймаханованың режиссерлік еңбегі жоғары бағаланып, Мемлекеттік стипендия иегері атанды.
2015 жылы театр репертуарына 10 жаңа қойылым дайындалып, қосылды. Олар: В.Шекспирдің «Отеллосы» — режиссері А.Құдайбергенов, М.Әуезовтің «Еңлік-Кебегі» — Қазақстанның халық артисі, белгілі режиссер Е.Төлеубай, Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналып сахналанған Д.Исабековтің «Тыныштық күзетшісі» драмасы – режиссері Ә.Баймаханова, Қазақ хандығының 550 жылдығы мерекесіне арналып сахналанған Қ.Ысқақ пен Ш.Құсайыновтың «Қазақтар» тарихи драмасы – режиссері Е.Төлеубай, Б.Бекжановтың «Өмір» атты психологиялық драмасы – режиссері М.Ақүрпеков, М.Байжиевтің «Қалыңдық пен күйеу» драмасы – режиссері Ә.Баймаханова. Театр репертуары осындай аса салмақты шығармалармен толықтырылды.
2015 жылдың қазан айында театр Қазақ хандығының 550 жылдық мерекесіне арнап, Қалихан Ысқақ пен Шахимарден Құсайыновтың «Қазақтар» тарихи драмасын сахналады. Осы еңбектері үшін театр ұжымы мен бірқатар қызметкерлер мерекелік медальмен және Алғыс хаттармен марапатталды. Театр артисі Галина Қойшыбаева ҚР «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды.
2015 жылдың 27-28 қарашасы күндері театрда «Тұңғышбай Әл-Тарази Таразға шақырады» атты актер өнеріне арналған Халықаралық театр фестивалі өткізіліп, оған Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғызстан елдерінен 4 театр ұжымы, өз елімізден 2 театр ұжымы қатысып, фестиваль жоғары деңгейде ұйымдастырылды.
2016 жылдың 21 мамыры – Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне орай, театрдың бас суретшісі Рахат Сапаралиева суретші-сценограф ретіндегі ұзақ жылғы жемісті еңбегі үшін ҚР «Мәдениет саласының үздігі» белгісімен марапатталды.
2016 жылдың маусым айында театрдың кезекті жаңа қойылымы А.Володиннің «Қос жебе» драмасы театрдың көркемдік жетекшісі, режиссер М.Ақүрпековтің дайындауымен сәтті сахналанып, өнертанушылар мен көрермендер тарапынан жоғары лайықты бағасын алды.
2016 жылы 24-25 қыркүйек күндері театр «Жамбыл облысының Астана қаласындағы мәдени күндері» аясында Астана қаласында өнер көрсетіп, М.Әуезовтің «Қилы заман» тарихи драмасы және «Еңлік-Кебек» трагедиясын ұсынды. Бұл қойылымдарға көрермендер, театр сыншылары мен өнертанушылар тарапынан жоғары баға берілді.
2016 жылы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы және Жамбыл облыстық қазақ драма театрының 80 жылдығы тұспа-тұс келді. Осыған орай, арнайы мәдени іс-шара ұйымдастырылып, еліміздің бірқатар белгілі мәдениет және өнер қайраткерлері, Қазақстан театрларының басшылары мен көркемдік жетекшілері шақырылды.
Театр мерейтойына орай, Үлкен залда бүкіл ұжымның және театр ардагерлерінің түгелдей қатысуымен «Театр өткелі» атты театрландырылған композициялық қойылым көрсетілді.
Қазақстанның халық артисі Есмұхан Обаев бастаған құрамында өнертану ғылымының кандидаттары, театр сыншылары Еркін Жуасбек пен Әлия Бөпежановалар бар Қазылар алқасы 2 күнге созылған фестивальде өңір өнерпаздарының еңбегі мен талантын, образды ашудағы шеберлігі мен шынайылығын бағамдап, саралады. Фестиваль соңында БАҚ өкілдерімен баспасөз конференциясы өткізілді.
Облыс әкімінің орынбасары Абдалы Нұралиев облыс басшысы Кәрім Нәсбекұлының атынан театрдың мерейтойымен ұжымды құттықтап, театрға жаңа жолаушылар автокөлігін сыйлап, театр директоры Болат Бекжановқа оның кілтін табыстады.
2016 жылы Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың 2016 жылғы қараша айындағы Жарлығымен, «Құнанбай» кинофильміндегі Зере ролін жоғары актерлық шеберлікпен орындағаны үшін, театрдың белді ардагер артисі, ҚР мәдениет қайраткері Нұрсифат Салықова Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды.
2017 жылы театрдың шығармашылық құрамы «ЭКСПО-2017» Халықаралық мамандырылған көрмесі аясында өткізілген Қазақстан драма театрларының II-Республикалық «Балауса» экспериментальді қойылымдар фестивалінде «Ең үздік қойылым» номинациясын иемденді.
2017 жылы театр Румыния елінде өткен Халықаралық театр фестиваліне «Қыз Жібек» саунд-драмасымен қатысып, әлемнің 23 елінен келген өнер ұжымдары арасынан топ жарып, «Ең үздік театр» және «Ең үздік қойылым» номинациялары бойынша бас жүлдені жеңіп алды.
2019 жылы осы қойылыммен Татарстанның Қахан қаласында өткен Халықаралық эксперименталды қойылымдар фестиваліне қатысып, «Ашық аспан астындағы үздік қойылым» номинациясы Дипломына ие болды.
2023 жылдың 27-28 наурызында Халықаралық театр күніне және Т.Жүргеновтің 125 жылдығына орай, Ішкі театр Фестивалін ұйымдастырып, Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясынан арнайы шақырылған театртанушылар мен сыншылардан тұратын Қазылар алқасы: Анар Саимжанқызы (професссор, «Театр өнерінің тарихы мен теориясы» кафедрасының меңгерушісі), Зухра Исламбаева (өнертану кандидаты, профессор,) Айзат Қадыралиева («Өнертану» кафедрасының аға оқытушысы, театртанушы, сыншы,) Ахан Карима (филология ғылымдары магистрі) театр артистерімен Мастер-класс шеберлік сағаттарын және дөңгелек үстел отырысын өткізді.Аталған Қазылар алқасы Фестиваль аясында театрда 2 күн бойы сахналанған 6 қойылымды тамашалап, өз бағаларын берді.
2023 жылдың 23 маусым күні театрдың кезекті 87-ші маусымының жабылуы ұйымдастырылып, бұл іс-шараға «Қазақстан театр сыншылар бірлестігінің» мүшелері өнертану докторы, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры Бақыт Нұрпейісті, өнер магистрі, аталған оқу орнының «Театр өнерінің тарихы мен теориясы» кафедрасының аға оқытушысы Назерке Құмарғалиеваны және «Театртану» бөлімінің биылғы түлегі, жас театртанушы Рано Назарованы арнайы шақырып, маусымның жабылуына орай көрсетілген, осы жылдың мамыр айында премьерасы болған Ш.Айтматовтың «Жәмилә» лирикалық драмасының сыни-талдауы өткізілді. Театр сыншылары «Бүгінгі актерлік өнердің даму бағыттары» тақырыбында дөңгелек үстел өткізілді.
2023 жылы Қырғызстанда өткізілген жазушы Ш.Айтматовтың 95жылдық мерейтойына арналған II-ші «ТОО театрлары» фестиваліне «Жәмилә» спектаклімен қатысып, «Улуу жазуучу Чыңгыз Айтматовдун чыгармасын эң мыкты сахналаштырғаны үчүн» номинациясы жүлдесін жеңіп алып, арнайы Диплом мен ақшалай Сертификатқа ие болды.
Аталмыш фестивальде Ш.Айтматовтың «Жәмилә» драмасында Ана ролін бейнелеген актриса Мәкен Рахымжанова мен Сейіт ролін сомдаған жас актер Ануар Уалиханұлы үздік ойын көрсеткен жоғары актерлік шеберліктері үшін Қырғыз Республикасының Маданият, маалымат, спорт жана жаштар саясаты министрінің бірінші орынбасары Қ.Иманаливтің табыстауымен «Манас» медалін иемденді.
2023 жылдың маусым айында Румыния мемлекетінің Тырговиште қаласында өткізілген «Babel FAST-2023» Халықаралық театр фестиваліне арнайы шақыру алып, Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш Баян сұлу» (инсценировкасы Қ.Қасымов) экспериментальді спектаклімен қатысып, арнайы ақшалай жүлдемен оралды.
2023 жылдың 10 қарашасы күні театрдың шығармашылық құрамы Қазақстанның халық артисі, профессор Р.Сейітметовтің 85 жылдығына орай Түркістан қаласында ұйымдастырылған «RAIMBEK Fest» I Республикалық театр фестиваліне Ш.Айтматовтың «Жәмилә» драмасымен қатысты. Қойылым фестивальдің әділ қазылары мен көрермендерінің көңілінен шығып, драмадағы Қамбашы бейнесі үшін театрдың көркемдік жетекшісі, актриса Анар Сағымбекова арнайы Дипломмен және 300000тг Сертификатпен марапатталды.
2024 жылы 29 қазан күні Астана қаласында өткізілген ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы-драматург Р.Мұқанованың 60 жылдығына және драматургиясына арналған «TЕАТРALL» III-Халықаралық театр фестиваліне «Мәңгілік бала бейне» қойылымымен қатысып, «Сахналық жаңа форма табудағы ізденістер үшін» номинациясын иеленіп, арнайы Дипломға және Сертификатқа ие болды.
Негізі, театр құрылған уақыттан бері, оның труппасында талай буын өнер иелері актерлік қызметтер атқарып, сахна өнері жұлдыздарына айналғанын жоғарыда айтып өттік. Бұл ретте, театр тарихында өшпес іздері мен өзіндік қолтаңбалары қалған сахна майталмандарын тағы да атап өтсек, олардың қатарында: Шәріпбай Сәкиев, Мұхаметқали Табанов, Сәти Үмбетбаев, Сатылған Атамқұлов, Отарбай Тұрымқұлов, Тәжімет Әлмұхамедов, Нұргүл Майтанова, Гүлсара Тұрымқұлова, Молдаш Сәкиев, Тұраш Әбуов, Әмір Абланов, Қарабала Тайшықов, Маутай Жұмағұлов, Сарби Абаева, Ынтымақ Жарболов, Жомарт Абызбаев, Сара Абызбаева, Қали Қасымбеков, Шаймұрат Халықов, Галина Жұмағұлова, Фатима Нұрымова, Күләш Сәкиева, Сәдуақас Ирғалиев, Раушан Досжанова, Әбілқайыр Ибраев, Ибадулла Құлтаев, Бақтораз Саршаев, Гүлжамал Батырғалиева, Жамал Шәймерденова, Қасымхан Қайсабаев, Тұрсынтай Жәкенова, Тұрар Ізбасаров, Сабыр Ысқақов, Зекен Мейірманов, Алтын Ружева, Мақсұт Салықов, Жорабек Шүленбаев, Үмбетәлі Әлжанов, Шәмшәгүл Жаменкеева, Қарабай Сатқанбаев, Спандияр Мұқышев, Әнапия Ахмет,Көпесбай Бейсенбаевтардың есімдері еш ұмытылмақ емес.
Бұдан өзге, театрда әр жылдары қызмет атқарған Сағынбек Рахышев, Райхан Махпирова, Оразғали Әбділманов, Ораз Насымханов, Мағзұм Бақытжанов, Асан Омарбеков, Сансызбай Серікбаев, Жасұзақ Әйтпенбетов және т.б. белгілі өнер иелерінің де өзіндік іздері бар.
Ғұмыр бойы театр өнеріне қызмет етіп, бүгінде зейнетте болса да, осы киелі өнерге жастарды тәрбиелеуден, образдары табылса, сахнаға шығудан да қол үзбей келе жатқан ҚР Мемлеттік сыйлығының лауреаты, Мәдениет қайраткері Нұрсифат Салықова, ҚР еңбек сіңірген артисі және «Парасат» орденінің иегері Әтіркүл Дүйсекенова, ҚР еңбек сіңірген артисі Гүлбаршын Өскенбаева, «Құрмет» орденінің иегері Қауандық Қасымов, Несіпкүл Омарбекова, Мәкен Райысханова, Галина Қойшыбаева және дарынды драматург Сәнтөре Пірманов және т.б. өнер саңлақтарының еңбектері орасан зор.
Ал Қазақстанның халық артисі Мәкен Рахымжанова, ҚР еңбек сіңірген артисі Майра Әлімбетова, ҚР еңбек сіңірген артисі Асқарбек Сейілхан, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Әбиірбек Тінәлі мен Жүніс Әлімбеков, ҚР Мәдениет саласының үздіктері Құрақ Оразбаев, Галина Қойшыбаева, Айжан Атымтаева, Ерсін Қалыбаева және т.б. өнер шеберлері кейінгі буын жастарға ұлағатты ұстаз болумен қатар, киелі сахнаның тұғыры іспетті театр өнерінің бүгінгі белгілі сахна шеберлері болып табылады.
Сонымен қатар, орта буын артистері Әбу Шоңбаев, Кенен Ақүрпеков, Анар Сағымбекова, Мәмбет Қожалиев, Жадыра Құлтаева, Жандар Қырықбаев, Бақтияр Көпжасаров, Индира Мұстафаева, Ризат Қылышбаева, Зарина Асан, Гауһар Сұлтанбекова, Нұрсұлтан Маханов, Жасұлан Қамбатыров, Абзал Дәулетбақов, Әсем Қондыбаева, Бексұлтан Әлекешов сынды кейінгі жас буын артистер де болашақтарынан зор үміт күттіріп, қанаттанып өсіп келеді. Бұлардың бәрі де театрымыздың қалыптасу, даму, өркендеу тарихында өзіндік іздері бар өнер иелері.
