Асқар Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық академиялық қазақ драма театрының артисі, Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген артисі
Сейілхан Асқарбек Ақылшаұлы 1950 жылдың 1 ақпанында Жамбыл облысы Қордай ауданында дүниеге келген. 1973 жылы Құрманғазы атындағы өнер институтын театр және кино актері мамандығы бойынша үздік бітірген.
1973 – 1995 жылдары Қызылорда облыстық Нартай Бекежанов атындағы қазақ драма театрында актер, директордың орынбасары, директор қызметтерін атқарған. Қызылорда театрының сахнасында 80-нен аса қойылымдарда басты, негізгі рольдерді сомдаған.
1995 – 2010 жылдары «Қазақстан» РТРК» АҚ Жамбыл облыстық филиалында режиссер, редактор, комментатор шолушы, директордың орынбасары – бас редактор қызметтерін атқарды.
«Қазақстан» РТРК» АҚ Жамбыл облыстық филиалының бас редакторы қызметін атқарған жылдарда Тараз қаласының әлеуметтік, саяси, мәдени өмірін насихаттау мақсатында «Менің қалам», «Таразым – тал бесігім», «Сүлейменов — 6» хабарларының жобасын іске асырды.
Сондай-ақ, Тараз қалалық мәслихаты депуттарының халықпен тікелей байланысын орнату үшін, қала мәслихаты депутаттарының жұмысын көрсететін «Мәслихат» атты хабардың жетекшісі және жобаның авторы болды. «Қазақстан-2030» Стратегиясының басым бағыттарын және олардың Тараз қаласында жүзеге асырылу барысын насихаттайтын «Қазақстан-2030» хабарын ұйымдастырып, телеарна арқылы тұрақты жүргізілуін қамтамасыз етті.
2010 – 2013 жылдары Жамбыл облыстық қазақ драма театрының директоры қызметін атқарды.
2006 – 2013 жылдар аралығында негізгі жұмысына қосымша ұстаздық қызмет атқарып, М. Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің «Журналистика» бөлімінде, кейін «Өнер және мәдениет» кафедрасында студенттерге дәріс оқып, сабақ берді.
2013 жылдан бері М. Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің «Өнер және мәдениет» кафедрасында аға оқытушы болып тұрақты ұстаздық қызмет атқарып келеді, әрі А.Тоқпанов театрында актерлық қызмет атқарады.
Ол, 2015 жылы Қазақ хандығының 550 жылдығына орай сахналанған Қ.Ысқақ пен Ш.Құсайыновтың «Қазақтар» атты тарихи драмасында қазақтың тұңғыш ханы Керей хан образын сомдап, осы тарихи мерекені ұйымдастыру комитетінің Алғыс хатына ие болды.
ОЙНАҒАН РОЛЬДЕРІ:
-Б.Есеналиевтің «Таң сыры» драма элегия-Оразқұл; -С.Мұқышевтің «Апандағы адамдар» трагикомедиясы – Қоянбай Жырықбаев; — Қ.Ысқақ пен Ш.Құсайыновтың «Қазақтар» атты тарихи драмасында — Керей хан;
— Н.Оразалиннің «Қилы заманында» — Мосқал шал;
— М.Әуезовтің «Еңлік-Кебегінде» — Кеңгірбай;
— А.Бекбосынның «Домалақ енесінде» — Ауыл қариясы; — Б.Ұзақовтың «Жан дауасында» — Шал; -М.Әуезовтің «Еңлік-Кебек» трагедиясында- Кеңгірбай; -А.Бекбосынның «Домалақ ене» тарихи қойылымында — Ауыл қариясы;
-Р.Отарбаевтың «Құсалық» драмасында тарихи адам; -Ш.Айтматовтың «Жәмилә» психологиялық драмасында — ауыл ақсақалы;
-И.Ғайыптың «Жамбылдың қызыл жолбарысы» драмасында – Сүйінбай Аронұлы;
-Р.Отарбаевтың «Сұлтан Бейбарыс» тарихи драмасында — Алтын Орда елшісі және тағы басқа көптеген қойылымдарда негізгі рольдерді сомдап келеді.
Шығармашылық бағытта да елеулі табыстары бар. Мәдениет, өнер тақырыптарындағы жүздеген зерттеушілік, өнертанушылық мақалалар мен еңбектердің авторы. «Көк сандықтың күмбірі» атты кітаптың редакторы.
Жазушы Несіпбек Дәутайұлының «Алтын балық» повесінің ізімен жазылған сол аттас драманың авторы. Қазақфильм» киностудиясы түсірген «Құнанбай» фильмінде Сарыбай бидің ролін, «Сиырдың сергелдеңі» телефильмінде Шал ролін ойнаған.
Режиссерлық жұмыстары: А.Тоқпанов театрында сахналанған С. Балғабаевтың «Қыз жиырмаға толғанда» лирикалық драмасының қоюшы-режиссері. Байзақ ауданының «Шахан» халық театрында сахналанған Б.Әлімжановтың «Қаптан шыққан Қарақыз» комедиясының қоюшы-режиссері. Сонымен қатар,Т.Рысқұлов ауданының Басқар Битанов атындағы халық театры сахналаған Ш. Айтматовтың «Бетпе — бет» драмасының қоюшы-режиссері. Шу аудандық халық театрында сахналанған Д. Рамазанның «Керей — Жәнібек» тарихи драмасының қоюшы-режиссері. М. Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің «Өнер және мәдениет» кафедрасының «М.Х. Дулати жастар театры» сахналаған С.Балғабаевтың «Қыз жиырмаға толғанда», Қ.Шаңғытбаев пен Қ. Байсейітовтың «Беу, қыздар — ай» комедиясының қоюшы-режиссері.
1985 жылы сахнадағы актерлік шеберлігі үшін «Шабыт» фестивальінің лауреаты атағын жеңіп алған.
1987 жылы Қызылорда қаласында өткен 1-ші республикалық театр фестивльінде «Ең үздік Ер адам бейнесін» сомдағаны үшін номинациясының иегері атанған.
1990 жылы «Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген артисі» атағына ие болған.
1998 жылы түсірген «Тағдыры алты алаштың шешілген сәт» атты бейнефильмі үшін Қазақстан Республикасы Журналистер Одағының лауреаты атағын иемденген.
2020 жылы Ұлы Абайдың 175 жылдығы қарсаңында Жамбыл облыстық «Қазақстан – Тараз» телеарнасымен біріккен «Қалың елім қазағым…» теле жобасында Абайдың 45 қара сөзі бойынша бейне фильміне түскен.
Осындай ерен еңбектері мен шығармашылық жұмыстары үшін әр жылдары «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» белгісіне, «Қазақстанның Құрметті журналисі», «Қордай ауданының құрметті азаматы», Қазақстан Театр қайраткерлері Одағының мүшесі және М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің «Өнер және мәдениет» кафедрасының аға оқытушысы ретіндегі үздік табыстары үшін «Мұхамед Хайдар Дулати» атындағы төсбелгісімен марапатталған.
2019 жылы Облыстық ардагерлер кеңесінің «Құрмет» грамотасымен марапатталды.
2025 жылдың 3 ақпан күні М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің «Құрметті профессоры» атағын иеленді.
Театр ұжымы
Асқарбек Сейілханның қаламынан туған, Тоқпановтың шығармашылық жолы мен театр тарихын арқау еткен «Толғауы тоқсан Тоқпанов театры» атты кітаптың тұсаукесері. Кітаптың тұсауын қазақ театрының қос алыбы – Асанәлі Әшімов пен Тұңғышбай Жаманқұлов салтанатты түрде кесті.
Асқар Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық қазақ драма театрының 90 жылдығы және Қазақстанның халық артисі Асқар Тоқпановтың 110 жылдығы мерейтойы аясында өткен Республикалық театр фестивалінде.
Актер Асқарбек Сейілхан — отбасында бала-шағасы мен немерелеріне үлгілі тәлім-тәрбие беріп отырған парасатты әке, ұлағаты мол ата.